Пікір

Ауыл шаруасын қолдаған

Аманғос ТӨЛЕУОВ,

«Степное» ЖШС директоры,
«Отан»орденінің иегері

Мен Тұңғыш Президентпен бірнеше рет кездесулерге қатыстым. Тікелей жүздесіп, қол алысқан сәттер де болды. Оның барлығы да жүректе жаттаулы.

Елбасының Ақтөбеге 2016 жылғы наурыз айында келген сапары да ойымда сақталып қалды. Оның бір себебі ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөліп, осы саланы дамытудың күрделі мәселелерін, түйінді тұстарын қозғауында ма деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев бізбен кездесу барысында ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығына айрықша тоқталып өтті. Бұл тұрғыда ол алдағы уақытта да аграрлық сала өнімдеріне ұдайы сұраныс болатынын нақты дәлелдермен көрсетіп, сол себептен де ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекет тарапынан беріліп отырған мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға, жаңа технологияларды өндіріске батыл енгізуге, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды.

Содан кейін облыстағы ахуалды нақты сұрастыра бастаған кезде «Молочные истории» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин Елбасына «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде өз компаниясының ет кластерінің негізін құру мүмкіндігіне қол жеткізгенін айтты. Мұндай игілікті шаруаны Елбасы құптады.

Сол жолы ол кісінің «Ауыл шаруашылығы — Қазақстан үшін ең қажетті мәселе» деген тұжырымды батыл айтуы бізді қуантты, бір жағынан, жігер берді.

Реті келгенде мен де сөз алып, өнім өндіру, өткізу, өңдеу мәселелеріне қатысты ойларымды білдірдім. Менің пікірімді ықылас қоя тыңдағанын сезініп, көңілім ерекше көтеріліп қалды.

2019 жылдың желтоқсан айын да ұмыта алмаймын. Сол уақытта Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының қолынан «Отан» орденін алу құрметіне ие болдым. Айтатыны жоқ, бұл менің жүрегімді толқытқан, жаныма ерекше шуақ құйған сәт еді.

Мен басқаратын үлкен ұжымда айтарлықтай шаруалар тындырылып жатыр, мол өнім өндірілуде. Бұл марапат сол еңбек адамдарының тынымсыз тірлігінің бағасы деп ойладым бір жағынан. Оған дейін «Құрмет» орденін кеудеме тағып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болғанмын.

Ал үлкен салтанатты жиында Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолынан орден алу, жүрегінің жылуын, қолының ыстық табын сезіну екінің біріне бұйыра бермесі анық. Оның үстіне Елбасымен бұған дейін бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, азды-кемді сұхбаттасу бақытына ие болған адаммын ғой. Сондықтан да болар, ол маған марапат тапсыру үстінде ерекше ықыласпен қарағандай болды. Сол сезім әлі күнге дейін жанымды жылытады.

 Қарғалы ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button